Қарағанды облысында емханалар тегін түсік жасау қызметі үшін әйелдерден ақша алған
Медицина ұйымдары 22 миллион теңгені заңсыз алған
Қарағанды облысында емханалар МӘМС жүйесінде сақтандырылған әйелдерді алдап, ақша алып келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, соңғы 3 жылдың ішінде әйелдерден жүктілікті жасанды түрде үзу қызметі үшін негізсіз ақша жиналған. Бұл қызметтер МӘМС пакетіне кіретіндіктен, ауруханалар мемлекеттен қаржы алып отырған. Осылайша емдеу мекемелері МӘМС қорынан бір, пациенттің қалтасынан бір төлем алған.
Тексеріс барысында дәл осындай 775 заңбұзышылық анықталды. Медицина ұйымдары 22 миллион теңгені заңсыз алған.
Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан аудандық прокуратурасының қолға алуымен емхана алдап кеткен 218 әйел өз құқығын қорғап, оларға жалпы сомасы 7 миллион теңге көлеміндегі ақшасы кері қайтарылды.
Прокуратура өкілдері қалған қаржыны да иелеріне қайтару жұмысы жалғасып жатқанын жеткізді.