«Екеуі де мас»: Петропавл қаласында екі бүлдіршін бесінші қабаттан құлап кете жаздады (ВИДЕО)
Оларды жұмыстан үйіне келе жатқан полиция қызметкері көріп, құтқарып қалды
Кеше, 15 маусым күні шамамен сағат 21:00-де Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің процессингтік орталығының қызметкері Ержан Тамышев жұмыстан үйіне қайтып келе жатып, Жамбыл көшесі бойындағы көпқабатты үйлердің бірінен қауіпті жағдайды байқайды. Ол бесінші қабаттағы ашық терезе алдында ойнап отырған екі кішкентай баланы көрген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция қызметкері Ержан Тамышев бірден әрекет етіп, «102» арнасына хабарласып, жағдай туралы ақпарат береді. Сонымен қатар ол балалардың назарын басқа жаққа аудару үшін айналадағы адамдардан көмек сұрайды да, өзі жедел түрде көпқабатты үйдің кіреберісіне қарай бет алады. Оқиға орнына жеткен ол домофон арқылы байланыс орнатуға тырысады.
«Балалардың жалғыз қалуы мүмкін деген күдік туындаған соң, Ержан Тамышев тіпті шатырға шығып, ықтимал құтқару жолдарын қарастырған. Алайда көп ұзамай пәтерде ересек адамның бар екені анықталды. Ол есікті ашып, жедел жеткен полиция қызметкерлерін кіргізді. Тексеру барысында жалдамалы пәтерде Жезқазған қаласынан келген азаматтар уақытша тұрып жатқаны белгілі болды. Балалардың әкесі ұйықтап жатқан, ал анасы дүкенге кеткен. Екеуінің де алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды», - деп хабарлайды полиция.
Бұған дейін олар бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Үш жастағы ұл бала мен төрт жастағы қыз бала отбасынан уақытша алынып, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына түскен.