Қостанайда сотқа бара жатқан автозак аударылып қалды
Оқиға сотқа жеткізу кезінде болған. Автозак ішінде қамауда отырған адамдар болған
Қостанайда полицияның қызметтік көліктері қатысқан бірден екі жол-көлік оқиғасы болды. Олардың бірінде бес тергеу изоляторындағы адамды тасымалдап бара жатқан автозак аударылып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Алғашқы жол апаты Баймағамбетов пен Гоголь көшелерінің қиылысында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, қызметтік JAC көлігі Баймағамбетов көшесімен арнайы жарық белгілерін қосып келе жатқан. Қиылыстан өту кезінде жүргізуші маневрдің қауіпсіз екеніне көз жеткізбей, Гоголь көшесімен жасыл шамға өтіп бара жатқан Chevrolet Cobalt көлігімен соқтығысқан.
Соқтығыс салдарынан бес тергеу изоляторындағы адамды сот отырыстарына жеткізіп бара жатқан арнайы көлік аударылып қалған.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Тергеу нәтижесіне сәйкес түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады Қостанай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға орнына төрт жедел жәрдем бригадасы барған. Екі полиция қызметкері тексеру үшін ауруханаға жеткізілді. Chevrolet Cobalt жүргізушісі зардап шеккен жоқ. Сондай-ақ автозак ішінде болған бес қамаудағы адам да медициналық мекемеге жеткізілген. Екінші көліктің жүргізушісі жарақат алмаған.
Сол күні Қостанайда полиция көлігінің қатысуымен тағы бір жол апаты тіркелді. Оқиға Абай мен Назарбаев даңғылдарының қиылысында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, JAC J7 патрульдік көлігінің жүргізушісі бағдаршамның рұқсат етілген белгісіне бұрылу кезінде қарсы бағытта түзу келе жатқан Chevrolet Cobalt көлігіне жол бермеген. Соның салдарынан екі көлік соқтығысқан.
Бұл жол-көлік оқиғасында зардап шеккендер жоқ. Көліктер механикалық зақым алған.
Қызметтік көліктің жүргізушісіне қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік іс қозғалды. Жол апаты бойынша тексеру жалғасып жатыр.