АҚШ-та Қазақстан азаматы болуы мүмкін адамның мәйіті табылды
Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігіндегі брифинг кезінде белгілі болды
Бүгін Сыртқы істер министрлігіндегі дәстүрлі брифингте министрліктің ресми өкілі Ерлан Жетібаев АҚШ-та жоғалып кеткен Қазақстан азаматы мерт болуы мүмкін деген ақпарат айтты. Қазір АҚШ-тың құзырлы органдары тиісті тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігіне АҚШ-тың құзіретті органдарынан Қазақстан азаматы болуы мүмкін адамның мәйіті табылғаны туралы ақпарат түсті. Қазір америкалық тарап тиісті рәсімдерді жүргізіп жатыр», - деп хабарлады ол.
Бұған дейін хабарлағынымыздай, АҚШ-тың Иллинойс штатында 24 жастағы Қазақстан азаматы жұмбақ жағдайда із-түзсіз жоғалып кеткен еді. Кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі АҚШ аумағында Асет Құралбайдың жоғалып кеткені туралы ақпаратты ресми түрде растаған еді.