Қазақстан мен Еуропалық одақ виза режимін жеңілдету бойынша келіссөздердің үшінші раундын өткізді

СІМ өкілі айтуынша, оң өзгерістер бар 

Қазақстан мен Еуропалық одақ виза режимін жеңілдету бойынша келіссөздердің үшінші раундын өткізді
Фото: Freepik

Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы визалық талаптарды жеңілдету және реадмиссия мәселелері бойынша келіссөздердің үшінші раунды өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлім еткендей, Брюссельдегі дипломатиялық кездесулер нәтижелі өткен.

«Өткен аптада Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хабарламасы жарияланды. Брюссельде келіссөздердің үшінші раунды өтті, оған біздің әріптестеріміз қатысты. Жалпы алғанда, жақсы қарқынмен ілгерілеп келеді. Таяуда осы мәселе бойынша толығырақ ақпарат беретін боламыз», - деді ол.

СІМ өкілінің айтуынша, жазғы демалыс және туристік маусымның басталуымен қазақстандықтар арасында шетелдік визаларды рәсімдеуге сұраныс артқан.

«Шетелдік елшіліктердің консулдық бөлімдеріне түсетін өтініштер санының артқанын байқап отырмыз. Біз бұл жөніндегі барлық қажетті ақпаратты әріптестерімізге жеткізудеміз. Алайда виза беру-бермеуді әр мемлекет өзі шешеді. Сондықтан олар өтініштерді өз заңнамалары аясында қарайды», - деді ол.

СІМ өкілі азаматтарға құжаттарды алдын ала тапсырып, тиісті талаптарға толық сәйкес болуын қадағалауға кеңес берді.