«Грант алып беремін»: Астанада оқуға түскісі келген азамат көшеде танысқан адамға 8 млн теңгесін бере салған
Ірі көлемде ақшасынан айырылып, алданып қалғанын түсінген ол полицияға жүгінген
Астанада ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен 32 жастағы азамат ұсталып, қамалды. Полицияның мәліметіне сүйенсек, ол көшеде танысқан ер адамның сеніміне кіріп, кезең-кезеңімен 8 млн теңгесін иемденіп алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«32 жастағы күдікті елордадағы сауда ойын-сауық орталығының жанында жүріп, өзінің «құрбанымен» танысқан. Күдікті өзін жоғары оқу орындарына оқуға түсірумен айналысатын арнайы орталықтың өкілі ретінде таныстырған. Ол азаматтың сеніміне кіру мақсатында шетелдік университеттермен де байланысы бар екенін айтып, қысқа мерзім ішінде оқуға грантсыз қабылдауға, құжаттарды рәсімдеуге және шетелдік оқытушыларды тартуға көмектесетінін жеткізген. Күдікті оқу ақысын төлеу, құжаттарды жедел рәсімдеу және арнайы дайындық бағдарламаларын ұйымдастыру қажет деген сылтаумен жәбірленушіден бірнеше мәрте ақша алған. Осылайша алдау және сенімге қиянат жасау жолымен жалпы сомасы 8 млн теңгені иемденген», - деп хабарлайды полиция.
8 млн теңгесін көшеде танысқан адамға бере салып, артынан сан соғып қалғанын түсінген азамат бірден полицияға арыз жазған.
«Тергеу барысында күдіктінің ешқандай білім беру ұйымдарымен ресми байланысы болмағаны анықталды. Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», - деп хабарлайды полиция.