«Telegram арқылы ұсыныс алған»: Алматыдан Таразға ірі көлемде есірткі тасыған шетел азаматы ұсталды

Оның қалтасынан 10 түйіншек, үйіне жақын жерден 18 түйіншек, ал үйінен 109 түйіншек табылған

«Telegram арқылы ұсыныс алған»: Алматыдан Таразға ірі көлемде есірткі тасыған шетел азаматы ұсталды
Фото: polisia.kz

Жамбыл облысы полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 29 жастағы шетел азаматын ұстады. Жеке тінту кезінде одан ақ түсті ұнтақ тәрізді зат салынған, қара таспамен оралған 10 түйіншек табылып, тәркіленді. Оның ұсталған жеріне жақын маңдағы үйдің еденінен дәл осындай  18 түйіншек, күдіктінің уақытша тұрып жатқан үйінен тағы 109 түйіншек тәркіленген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сот сараптамасы бұлардың бәрі «Альфа-PVP» синтетикалық есірткісі екенін анықтаған. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 59,01 грамм, оның нарықтағы бағасы 2,7 миллион теңгеден асады.

«Аталған дерек бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ер адам заңсыз табыс табу туралы ұсынысты Telegram мессенджері арқылы алған. Ол алдын ала дайындалған түйіншектерді Алматы қаласынан алып, оларды Тараз қаласының аумағында өткізуді жоспарлаған. Дәл сол сәтте оның жолын полиция кесті», - деп хабарлайды полиция.