Жамбыл облысында көлігі қирап, жұмыссыз қалған мүгедек баланың әкесіне 1,8 млн теңге өтемақы төленеді
Сот медиацияның тиімділігін түсіндірді
Жамбыл облысының Байзақ аудандық сотында үлкен даумен басталған азаматтық іс екі жақтың келісімімен аяқталды. Жол апатының кесірінен жалғыз күнкөріс көзінен айырылған ер адамға кінәлі тарап 1,8 миллион теңгеден астам шығынды өтеп беретін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соттың мәліметінше, оқиға Астана қаласында болған. Көлік иесі жүргізуші куәлігі жоқ танысына көлігін жүргізуге берген, ал ол жолда такси көлігіне соғылған. Апатқа себепкер болған екі азамат та әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Көлік апаты зардап шеккен отбасыға ауыр соққы болып тиді. Ер адам «Yandex Taxi» желісінде жұмыс істеп, айына шамамен 206 мың теңге тауып отырған. Оның үстіне, үнемі дәрі алатын мүгедек ұлын тәрбиелеп отыр.
Сот барысында судья қос тарапқа ұзақ соттасып жүрмей, өзара бітімге келудің тиімділігін түсіндірді, нәтижесінде тараптар медиация келісіміне қол қойды. Келісім бойынша жауапкерлер жәбірленушіге 1,8 миллион теңгеден астам шығынды өтейтін болды. Бұл соманың 1 миллион теңгесі сотта бірден төленді. Қалған бөлігі 2027 жылдың сәуір айына дейін бөліп төленеді.
Егер кінәлі тарап ақшаны уақытында төлемей, келісімді бұзса, оларға тағы 500 мың теңге айыппұл салынады. Екі жақ мәселені өзара шешкендіктен, іс тоқтатылып, сот шешімі заңды күшіне енді.