«Алматыда үлкен құбырлар жолаушылардың жанына құлап түскен»: әуежай оқыс оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме таратты (ВИДЕО)
Әуежайдың баспасөз қызметі оқиғаны растады
Бүгін Алматы әуежайында оқыс оқиға болған – әуежайға келген жолаушылардың үстіне үлкен құбырлар құлап, олардың зәресін алған. Алматы әуежайының баспасөз қызметі оқиғаны растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Алматы тұрғынының мәліметіне сүйенсек, құрылыс жұмыстары кезінде бірнеше үлкен құбыр жерге қарай құлап, жолаушылардың жанына түскен. Құбыр құлаған жерде әйелдің отбасы, сондай-ақ басқа адамдар, яғни, жас та, кәрі де болған», - деп жазылған желідегі ақпаратта.
Алматы әуежайының мәліметіне сүйенсек, құрылысшылар құбырды бір-біріне алдын ала бекітіп, сосын, бір-бірден қайта байлап шығуы керек еді. Алайда, құбырды төмен қарай түсіргенде, олар бір-бірінен бөлініп, арқанға ілініп қалған.
«Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Құбырларды толық алып тастады, жолаушылардың қауіпсіздігі үшін шұғыл әрекет еттік», - деп хабарлайды Алматы әуежайы.
Әуежай әкімшілігі БАҚ құралдарына таратқан осы мәлімдемесі арқылы жолаушылардан кешірім сұраған.