Ақсуда үш жасар бала терезеден құлап, жансақтау бөліміне түсті
Тұрғын үйдің үшінші қабатындағы терезеден құлаған бала ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді
Павлодар облысының Ақсу қаласында көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен кішкентай бала құлап кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
irbistv.kz мәліметінше, 2023 жылы туған бала үшінші қабаттың терезесінен құлап, ауыр жарақат алған.
Оқиға туралы хабар сағат 13:16-да түскен. Жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына үш минут ішінде жеткен. Зардап шеккен бала Ақсу қалалық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді.
«Жағдайы аса ауыр. Қазіргі уақытта науқас Павлодар облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп жатыр. Диагностикалық тексерулер жүргізілгеннен кейін толық ақпарат беріледі», – деп мәлімдеді Павлодар облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі де баланың қазіргі уақытта медициналық мекемеде жатқанын растады.
«Кәмелетке толмаған баланың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттердің тиісінше орындалмауы дерегі бойынша барлық мән-жайды жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша заңды шешім қабылданады», – деп хабарлады полиция.