Алматыда өткір пластик жұтып қойған 10 айлық баланы дәрігерлер аман алып қалды

Сәби өткір затты ойнап жүрген кезде аузына салған 

Алматыда өткір пластик жұтып қойған 10 айлық баланы дәрігерлер аман алып қалды
Фото: Алматы қаласындағы №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасы

Алматыдағы №2 балалар ауруханасының дәрігерлері тыныс жолына пластик тұрып қалған 10 айлық қыз баланың өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ойнап жүрген сәби кенеттен жөтеліп, құсқан. Компьютерлік томография баланың екі өкпесі қабынғанын және кеңірдегінде бөгде зат бар екенін көрсетті. Жағдайы ауырлаған соң, министрлік пен мамандардың жедел консилиумынан кейін бала санитарлық авиациямен Алматыға жеткізілді.

«Сәби ауруханаға өкпені жасанды желдету аппаратымен, өте ауыр күйде түсті. Шұғыл жасалған бронхоскопия отасы барысында оның тыныс жолынан көлемі 1,5 × 1,0 см болатын, шеттері өткір мөлдір пластик сынығы алынды», – деді аурухана директоры Марат Рабандияров.

Хирург Ерлан Мендіғалиевтің айтуынша, мұндай өткір зат тыныс жолдарын толық бітеп тастаса, баладан айырылып қалу мүмкін еді. Дәрігерлердің жедел әрі кәсіби жұмысының арқасында қазір сәбидің жағдайы тұрақталды, ол өздігінен тыныс алып, пневмониядан емделіп жатыр.