Дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев бес жарым сағат бойы тоқтамай 102 ән шырқап, рекорд орнатты

Ол барлық әнді нотасыз, мәтінсіз, фонограммасыз, өзінің домбырасымен айтып шықты

Дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев бес жарым сағат бойы тоқтамай 102 ән шырқап, рекорд орнатты
Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев 102 әнді тоқтамай 5 жарым сағат шырқап, рекорд орнатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәдениет саласының үздігі, Shakarim University «Өнер» кафедрасының оқытушысы, университеттің Құрметті профессоры Қайрат Қабышев этномәдениет бағыты бойынша Азия мен Африканың дүниежүзілік рекордтар кітабына енді.

Рекордты тіркеу қорытындысы бойынша өнер иесіне ресми сертификат пен Күміс медаль табысталды. Қайрат Арқашұлы рекорд орнату барысында қазақтың 102 дәстүрлі әнін 5 сағат 29 минут бойы орындады. Рекорд талаптарына сәйкес әр 25 әннен кейін 15 минуттық үзіліс жасау мүмкіндігі қарастырылған, бірақ әнші өз құқығын пайдаланған жоқ. Ол барлық шығарманы нотасыз, мәтінсіз, фонограммасыз, өзінің домбырасымен орындап шықты.

Халықаралық Global Best of Records ұйымының Азия және Африка дивизионы бойынша рекордтарды тіркеу жөніндегі бас офицері Қуандық Құдайберген айтуынша, дүниежүзілік рекордтар кітабы сарапшыларының шешімімен рекорд ресми түрде тіркеліп, 2026 жылғы басылымға енгізіледі.

Жобаға сарапшылық баға берген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Еркін Шүкіман аталған жетістіктің қазақтың дәстүрлі ән өнерін халықаралық деңгейде дәріптеуге ықпал ететінін атап өтті.