Пойыздағы апат: үстіне нәжіс шашыраған жолаушы 3 млн теңге өндіріп алды
Пойыздағы дәретхана жүйесіндегі ақаудан кейін жолаушы әйел моральдық шығын үшін сотқа жүгінген
Пойыздағы дәретханадағы апаттан кейін үстіне лас су шашыраған қазақстандық әйел тасымалдаушы компаниядан 3 млн теңге өндіріп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Астана – Петропавл» бағытындағы пойызда болған оқиға сотта қаралды. Дәретханадағы «жарылыстан» кейін үстіне нәжіс шашыраған әйел тасымалдаушыдан моральдық шығын үшін өтемақы талап еткен.
Істі Астананың ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соты қарады.
«Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 7 наурызда пойыз қозғалып келе жатқан кезде вагонның санитарлық торабында техникалық ақау болған. Соның салдарынан дәретхана жүйесіндегі қалдықтар апатты түрде сыртқа шығып, жолаушы әйелге шашыраған. Әйел қатты физикалық жайсыздықты, моральдық күйзелісті және қорланғандай сезімді бастан өткергенін айтқан. Сонымен қатар оның киімі мен жеке заттары бүлінген», – деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.
Жәбірленушінің айтқандарын Астана қалалық көліктік бақылау инспекциясының тексеруі, фотоайғақтар және тасымалдаушыға қатысты толтырылған әкімшілік хаттама растаған.
Нәтижесінде сот көрсетілген қызмет сапасыз болған деген қорытындыға келіп, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң мен Азаматтық кодекс нормаларына сүйенген.
Сот талап арызды ішінара қанағаттандырды. Тасымалдаушы компания жәбірленушіге моральдық шығын ретінде 3 млн теңге төлеуге міндеттелді.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.