Павлодар облысында түнде зауыттардан түсті металл ұрлаған қылмыстық топ ұсталды
Күдіктілер түнде кәсіпорын аумағына кіріп, түсті металды автокөлікпен тасып отырған
Полицейлер прокуратураның үйлестіруімен Ақсудағы өндірістік аймақтарда жасалған бірнеше түнгі ұрлыққа күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілер алдын ала ойластырылған схема бойынша әрекет еткен. Олар түнде өндірістік кәсіпорындардың аумағына заңсыз кіріп, түсті металдарды автокөлікпен алып кетіп отырған.
«Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын көлемі 10 миллион теңгеден асады», – деді Павлодар облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Жасұлан Танжанов.
Жедел қызметкерлер бір уақытта бірнеше мекенжайда тінту жүргізді. Тергеу әрекеттері кезінде байланыс құралдары мен полицияның болжамынша қылмыс жасау кезінде пайдаланылған автокөліктер тәркіленді. Сондай-ақ құқық қорғау органдары ұрланған металды өткізген орынды анықтады.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір полиция олардың облыс аумағындағы осыған ұқсас басқа да ұрлықтарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.