Семейде полиция мен еріктілер бір әйелдің пәтерін тазалап, үш КамАЗ қоқыс шығаруға мәжбүр болған (ВИДЕО)
Көршілері арыз жаза-жаза бұл үйге әрең дегенде назар аудартқан
Семейде адам сенгісіз оқиға болды – қаладағы бір әйел өз пәтерін «қоқыс полигонына» айналдырып жіберген. Оның пәтеріндегі жағдайдың адам шошырлық болғаны соншалық, полиция мен еріктілер пәтерден үш КамАЗ қоқыс шығарған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл оқиға туралы Семей полициясы өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасына жазып, видео көрсетті.
«Тұрғындар полицияға пәтерден жағымсыз иіс шығатынын, өрт шықса, басқа тұрғындарға қауіп төнетінін айтып, шағым түсірген. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері пәтерде ұзақ уақыт бойы қоқыс пен қажетсіз заттардың жиналып қалғанын анықтады. Осылайша, Семейдің полициясы, коммуналдық қызмет және еріктіле бірігіп, бір пәтерден үш КамАЗ қоқыс шығарған», - деп хабарлайды полиция департаменті.
Бұл ретте полиция антисанитария мен өрт қауіпсіздігінен бөлек, тұрғындарға әртүрлі жұқпалы аурулар таралуы мүмкін екенін де ескертіп отыр.