Зорламақ болғанын айтқан: Шымкенттегі тергеу изоляторында 23 жастағы қыз көз жұмды
Адвокат қыздың арызы ескерусіз қалғанын айтып, полиция әрекетіне күмән келтірді
Шымкентте кәмелетке толмаған жасөспірімді жаралады деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамалған 23 жастағы Сания Жұбанышеваның өліміне қатысты мән-жай анықталып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл оқиғаға қала Полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді.
Қоғамда резонанс тудырған жағдайды адвокат Мұхаммад Алиосман Оглу жария етті. Ол әріптесімен бірге Сания Жұбанышеваның құқығын қорғаған. Қорғаушының айтуынша, 2 мамыр күні таңға жуық бойжеткен танысының үйінде қонақта болған. Сол жерде отырған жастардың бірі оны еркінен тыс жақын қатынасқа көндірмек болған көрінеді.
Адвокаттың сөзінше, қыз үйден қашып шығып, құрбыларына геолокация жіберіп, полиция шақыруды сұраған. Сол сәтте үйде қалған ер адамдар арасында жанжал шыққан. Жұбанышева бұл жағдайды телефон камерасына түсіріп үлгерген. Адвокаттың айтуынша, видеода қолында пышағы бар адам көрініп, қорқытқан.
Қорғаушы тарап полиция қызметкерлері қыздың зорламақ болды деген шағымына назар аудармай, оны жасөспірімді жаралау ісі бойынша күдікті ретінде танығанын айтып отыр. Адвокаттың сөзінше, оның бұл оқиғаға қатысы болмаған.
«Неге қыздың зорламақ болды және жыныстық қысым көрсетті деген арызы ескерусіз қалып отыр? Неге ер адамдар арасындағы қарулы жанжал түсірілген видео есепке алынбайды? Неге жәбірленушіні айыпталушыға айналдыруға тырысады? Кешіріңіз, бірақ оны қамаудың не қажеті болды? Не үшін? Бұл қыз ондай әрекет жасаған жоқ. Оның кінәсіз екенін дәлелдеу үшін міндетті түрде өлуі керек пе еді?» – деді адвокат Мұхаммад Алиосман Оглу видеоүндеуінде.
Ал Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі ресми тергеу нұсқасын жариялап, негізсіз қудалау туралы мәлімдемелерді жоққа шығарды. Ведомство мәліметінше, қылмыстық іс кәмелетке толмаған жасөспірімнің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру дерегі бойынша қозғалған.
«Тергеу мәліметіне сәйкес, 2 мамырға қараған түні қыз ойын-сауық орнынан кейін танысының үйіне барған. Үйде оның кәмелетке толмаған інісі мен қарындасы, сондай-ақ достары болған. Жауап алынған куәгерлердің сөзінше (видеоайғақтар бар), қыз бен жасөспірім арасында сөзге келу болған. Соның барысында қыз өзге адамдардың көзінше жасөспірімге пышақ сұғып алған», – деді ПД.
Шымкент қалалық Полиция департаменті зардап шеккен жасөспірімнің шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгенін айтты. Ал полицияға жеткізілген күдікті медициналық тексеру қорытындысы бойынша мас күйде болған. Сонымен бірге іс материалдарында ұсталған кезде оның денесінен ешқандай жарақат табылмағаны құжат жүзінде тіркелген.
«12 мамыр күні, яғни ұсталғаннан кейін 10 күн өткен соң, тергеудегі қыз өзіне қатысты заңсыз әрекеттер болғанын мәлімдеді. Тексеру аясында үйде болған барлық адамнан жауап алынды. Куәгерлердің сөзінше, бұл айтылған жайттар расталмайды. Соған қарамастан, барлық мән-жай мен мәлімдемелер сотқа дейінгі тергеу аясында тексеріліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу барысында Шымкент қаласының Тергеу сотының қаулысымен күдіктіге қатысты екі ай мерзімге қамауда ұстау бұлтартпау шарасы санкцияланды», – деді департамент өкілдері.
Қайғылы жағдай 15 мамырға қараған түні болған. Камерада отырған күдікті бірге отырған әйелдерге өзін жайсыз сезініп тұрғанын айтқан. Алдын ала болжам бойынша, ол өзге адамға тиесілі дәрілерді көп мөлшерде ішіп қойған. Бұл дәрілер камералас әйелдің жүрек ауруына арналған препараттары болған.
«Күдікті шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізілді. Алайда бірнеше сағаттан кейін көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша, өлімге дәріден улану себеп болған. Суицид фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар уақытша ұстау изоляторында ұстау тәртібін бұзу ықтималдығына қатысты да сотқа дейінгі тергеу басталды», – дейді Шымкент қалалық Полиция департаменті.
Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты, толық әрі объективті тергеу барысында анықталмақ. Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.