ШҚО-дағы шахтада тоғыз метр биіктіктен құлаған жұмысшы қаза тапты

Автор: Алмас Ерсін

Қайғылы жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылды

Фото: istockphoto.com

Шығыс Қазақстан облысындағы «Востокцветмет» ЖШС-не қарасты Артемьев шахтасында жазатайым оқиға болып, салдарынан бір адам көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy KAZ Minerals компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қайғылы жағдай 9 мамыр күні болған.

«Алдын ала мәлімет бойынша, жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде шаң мен желдету қызметінің механигі шамамен тоғыз метр биіктіктен құлап, өмірге қауіпті жарақат алған», – делінген хабарламада.

Компания мәліметінше, оқиғаның себептері мен мән-жайын арнайы комиссия анықтап жатыр. Қазір тергеу жүргізілуде.

Жұмыс беруші қаза тапқан адамның отбасына барлық қажетті көмекті көрсететінін мәлімдеді.

Еске салайық, 5 мамырда Өскемендегі зауытта алапат жарылыс орын алып, екі адам қаза тапты. Тағы екі адам ауыр хәлде ауруханаға түсті. Бір жұмысшының денесінің 90 пайызын күйік шалса, екіншісінің омыртқасы сынған.