Алматы тауларындағы биік шыңнан 18 жастағы жігіт тікұшақпен эвакуацияланды

Құтқарушылар зардап шеккен жігітті тікұшақ қонатын жерге дейін зембілмен алып түскен

Алматы тауларындағы биік шыңнан 18 жастағы жігіт тікұшақпен эвакуацияланды
Фото: ҚР ТЖМ видеосынан скриншот

Алматыда Панфиловшылар батырлары шыңына (биіктігі – 4120 метр) ұйымдастырылған жаппай альпиниада кезінде қатысушылардың бірінің жағдайы күрт нашарлаған. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккен азаматқа жедел тау ауруы мен өкпе ісінуі диагнозы қойылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy  ҚР ТЖМ-нің Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Іс-шараның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген Алматы қалалық ТЖД құтқарушылары 2008 жылы туған жігітке жедел түрде алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Кейін оны Мәншүк Мәметова атындағы №6 мореналық көл аумағына дейін түсірген.

«Құтқару операциясын әрі қарай жүргізу және зардап шеккен азаматты шұғыл эвакуациялау үшін ТЖМ-нің «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағы мен «Қазавиақұтқару» тікұшағы жұмылдырылды. Құтқару бөлімшелерінің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында зардап шеккен азамат «Медеу» тікұшақ алаңына жеткізілді. Одан кейін Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері оны тексеру және емдеу үшін №12 қалалық клиникалық ауруханаға апарды. Дәрігерлердің мәліметінше, жігіттің жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр, есі анық», – делінген хабарламада.

Эвакуация операциясы сәтті аяқталды.