Өскемен түбіндегі жол апатында бір ауылдың үш жігіті қаза тапты
Жергілікті әкімдік қаза болған жастардың отбасыларына көңіл айтқан
Өскемен қаласының жанындағы Первомай кентінде ірі жол апаты орын алып, үш жас жігіт қаза тапқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Первомай кентінің әкімдігі ресми сайттарында үш жігіттің отбасына көңіл айтып, ата-аналарға ескерту жасаған.
«Біздің кентімізде ауыр қаза орын алды. Жап-жас үш жігіт қатар қаза тапты. Бұл балалардың ата-аналары мен отбасыларына қайғыра көңіл айтамыз. Және баласы мотоцикл мініп, көлікке отыратын балалардың ата-аналары мынаны қаперге алса дейміз: оларға жылдамдықтың «жау» екенін айтып, қауіпсіздік ережелерін үйретсеңіздер», - деп жазылған ақпаратта.
Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті оқиғаны растап, жол апатының себебі анықталып жатқанын хабарлады.