«Квинке ауруы бар»: Абай облысының полициясы домбыға бастаған қызды шұғыл түрде ауруханаға алып барған (ВИДЕО)
Соның арқасында бала аман қалды
Семей қаласындағы Абай алаңында кезекшілігін атқарып жүрген «Бекет-1» бақылау пунктіндегі полиция қызметкері Нұржан Алтынбеков әріптестерімен бірге қауіпті ауруы бар кішкентай қызды аман алып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Абай облысының полиция департаменті хабарлағандай, қызмет бабында тұрған Нұржан Алтынбековтің жанына бір көлік келіп тоқтап, көмек сұраған. Көліктен түскен әйел қызында «Квинке ісігі» ауруы бар екенін, қызы ісініп бара жатқанын, дәрі берсе де көмектеспей жатқанын айтып, шұғыл түрде аурухана жеткізіп беруді өтінген.
Нұржан Айтжанов рация арқылы бірден патурльдік полиция шақырған. Дархан Жұмашев пен Азамат Айтжановтан құралған экипаж оқиға орнына бірден жетіп, бала мен анасын көлікке салып алған. Ал, әйелдің көлігін Нұржан Айтжанов жүргізіп барған.
«Полиция қызметкерлері баланы тез арада ауруханаға алып барды. Қазір баланың ісігі қайтып, өміріне төнген қауіп сейілген», - деп жазады полиция.
Ал, баланың анасы болса көмекке ұмтылған үш полицейге алғыс жаудырып, аналық батасын берген.
Айта кетейік, Квинке ісігі – аллергиялық ауру. Бұндай дерті бар адамдар аяқасты ісіне бастайды. Алдымен адамның тілі, ерні, жалпы, терісінің асты түгел домбығады. Шұғыл түрде дәрі салмаса, бұл аллергиялық аурудың арты ажалға апаруы мүмкін.