«Қайсар» ойыншысының аяғын сындырып жібере жаздады»: журналист ҚФФ басшысы Марат Омаровқа батыл үндеу жасады (ВИДЕО)

Төрешілік департаментінің директоры Нуну Каштарудың өз міндетін дұрыс атқармай отырғаны айтылды 

«Қайсар» ойыншысының аяғын сындырып жібере жаздады»: журналист ҚФФ басшысы Марат Омаровқа батыл үндеу жасады (ВИДЕО)
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

«Қайсар» футбол клубы президентінің кеңесшісі Айбек Қабылша Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) басшысы Марат Омаровқа ресми мәлімдеме жасап, ел біріншілігіндегі төрешілік сапасына көңілі толмайтынын білдірді.

Клуб өкілінің айтуынша, Қазақстан Премьер-лигасындағы төрешілердің жұмысы сын көтермейді, ал Төрешілік департаментінің директоры Нуну Каштару өз міндетін тиісті деңгейде атқарып отырған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айбек Қабылша Көкшетауда өткен «Оқжетпес» – «Қайсар» матчындағы төреші Саят Сүлейкановтың шешімдерін қатаң сынға алды. Оның айтуынша, кездесу барысында төреші ойыншылардың денсаулығына қауіп төндірген дөрекі әрекеттерге көз жұмған.

«Қайсар» клубының соңғы ойындарының біріне тоқталғым келеді. Кеше ғана Көкшетауда өткен «Оқжетпес» – «Қайсар» матчында төреші болған Саят Сүлейкановтың тиісті жазасын алуын талап етемін. Кездесудің 58-минутында «Оқжетпес» ойыншысы Нұрғайни Бөрібаев «Қайсардың» шабуылшысы Алияр Мұхаммадтың аяғын сындырып жіберуге оқталғандай өрескел дөрекі тәртіп бұзды, бірақ төреші тек сары қағазбен шектелді. Арада небәрі 9 минут өткен соң дәл осы ойыншы «Қайсар» қорғаушысы Әмір Мұхаммадтың аяғынан шалып, жарақат салды. Соған қарамастан, төреші екінші сары қағаз көрсетудің орнына наразылық білдірген бапкер Андрей Ферропонтовқа ескерту жасады», - деді ол.

Айтынша, бұл бірінші рет қайталанып отырған жағдай емес. Мұндай күмәнді шешімдер маусым басынан бері қайталанып келеді.

«1-тур: «Қайсар» – «Жеңіс» ойынында төреші Санжар Ысқақов ереже бұзушылықтан кейін соғылған голды есепке алды;  

2-тур: «Қайсар» – «Астана» матчында төреші Сәкен Байымбет «Астана» ойыншысына Виктор Мозеске қарсы өрескел ойыны үшін екінші сары қағаз көрсетпеді;

4-тур: «Қайсар» – «Қызылжар» кездесуінде төреші Руслан Сұлтанғалиев қарсылас қорғаушысының қолмен ойнаған сәтінде пенальти белгілемеді;  

6-тур: «Қайсар» – «Алтай» матчында Жаннұр Көкеев Виктор Мозеске қарсы екінші сары қағаз алуы тиіс еді, алайда төреші Марат Ысқақов бұл эпизодта да тиісті шешім қабылдамады», -дейді ол.

Айбек Қабылша төрешілердің қателігі салдарынан клуб ойыншылары жиі жарақат алып, құрамның сиреп бара жатқанын жеткізді. Ол ҚФФ президенті Марат Омаровтан бұл мәселеге араласуды сұрады.

«Сізді әділ бәсекенің кепілі деп білеміз. Отандық клубтарға жеке инвестиция тарту бағытындағы еңбегіңіз зор. Алайда футболға қаржы салып отырған инвесторлар ашық әрі таза ойынды талап етеді. Төреші Саят Сүлейканов сияқты мамандардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, тиісті жауапкершілік қарастырылады деп үміттенеміз», - деді ол.

Қазіргі таңда «Қайсар» футбол клубы федерация басшылығынан төрешілердің жұмысына қатысты шешім қабылдауын күтіп отыр.