Ақтөбе облысында жол апатынан бір адам қаза тапты

Тағы үш адам ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді

Ақтөбе облысында жол апатынан бір адам қаза тапты
Фото: © istockphoto.com

Ақтөбе облысында екі жеңіл көлік бетпе-бет соқтығысып, салдарынан бір адам оқиға орнында көз жұмды. Тағы үш адам ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

10 сәуір күні сағат 23:00 шамасында Ақтөбе – Жайсан тас жолында ірі жол апаты болды. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жолда ВАЗ-2115 және Lada Granta маркалы көліктер соқтығысқан. Соққының қатты болғаны соншалық, көліктердің бірі темір үйіндісіне айналған.

Апат салдарынан ВАЗ-2115 көлігінің жүргізушісі алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған. Lada Granta көлігінде болған адамдардың да жағдайы мәз емес. Көлік жүргізушісі және екі жолаушы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта дәрігерлер зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетіп жатыр.

Тәртіп сақшылары аталған дерек бойынша тергеу амалдарын қолға алды. Апаттың нақты себептері мен мән-жайы анықталуда.