«Оқушыларға балта ала жүгірген»: Құлсары мектебіндегі қорқынышты оқиғадан кейін алты адам жұмыстан қуылған

Тағы 24 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды

«Оқушыларға балта ала жүгірген»: Құлсары мектебіндегі қорқынышты оқиғадан кейін алты адам жұмыстан қуылған
Фото: скриншот

Бұған дейін хабарлағынымыздай, биыл ақпан айында Атырау облысы Құлсары қаласындағы мектептердің бірінде бір оқушы өзге қатарластарына балта ала жүгірген. Осы оқиғадан кейін алты қызметкер жұмысынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жергілікті басылымның мәліметіне сүйенсек, мектептегі қауіпсіздік мәселесіне қатысты комиссия алты адамды жұмысынан босатып, 24 адамды жауапкершілікке тартқан.

Облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Ерлан Биғамбаевтың айтуынша, мектептегі қорқынышты оқиға мектеп әкімшілігі мен жекеменшік күзет компанияларының жіберген қателігінен болған.

«Мектеп директорлары мемлекеттік сатып алу кезінде қауіпсіздікке мән бермейді. Егер күзет қызметі жұмысын дұрыс атқармаса, сотқа жүгіну керек», - деп хабарлады ол.

Еске салайық, 5 ақпанда «102» нөміріне Құлсары қаласындағы мектептердің бірінде жасөспірімдер арасында жанжал шығып, оның соңы шабуылға ұласқаны туралы хабар түскен. Оқиға салдарынан 2 оқушы жеңіл жарақат алған.

Полиция қызметкерлері 10-сыныпта оқитын жасөспірімді ұстады. Бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне алынды.