Көкшетауға Ресейден келген 40 текше метр ағаш «құрттап кеткен»: АШМ жәнтіктің бойын өлшеп, суретін таратқан

Жеке кәсіпкерге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды

Көкшетауға Ресейден келген 40 текше метр ағаш «құрттап кеткен»: АШМ жәнтіктің бойын өлшеп, суретін таратқан
Фото: ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі

Ақмола облысында өсімдіктерді карантиндік тексеру барысында Ресейден жеткізілген ағаш материалдарынан қарағайдың қара мұртты қоңызының дернәсілдері анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Көкшетау қалалық аумақтық инспекциясының мәліметінше, көлемі 40 текше метр болатын қарағай материалдары Ресейдің Қорған облысынан әкелінген. Инспекторлар өнімді тексеру кезінде зақымдану белгілерін байқап, сынама алған.

Зертханалық сараптама қорытындысы ағаш құрамында карантиндік зиянкестің бар екенін толық растады.

Талапқа сай келмейтін өнімді елге кіргізгені үшін жеке кәсіпкерге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Мамандар зиянкестің таралуына жол бермеу мақсатында тиісті шектеу шараларын қолға алды. Қазіргі уақытта өңірде өсімдік өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және карантиндік нысандардың алдын алу жұмыстары күшейтілген режимде жалғасуда.

Қарағайдың қара мұртты қоңызы орман шаруашылығына орасан зор зиян келтіретін жәндік. Ол ағаштың ішін кеміріп, оның құрылымын бұзады және орман алқаптарының жаппай солуына себепкер болады.