Алматы облысында көпқабатты үйден өрт шығып, сегіз адам құтқарылды

Тілсіз жау түн ортасында тұтанған

Алматы облысында көпқабатты үйден өрт шығып, сегіз адам құтқарылды
Фото: © istockphoto.com

Алматы облысының Қарғалы ауылында көпқабатты үйден өрт шығып, құтқарушылар тұрғындарды эвакуациялады. Тілсіз жау түн ортасында тұтанған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

5 сәуірге қараған түні Алматы облысы, Қарғалы ауылындағы Бейсеуов көшесінде орналасқан бес қабатты тұрғын үйлердің бірінде өрт шықты. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, үшінші қабаттағы пәтерлердің бірінде кереует пен үйдегі заттар жанған.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен бойда дереу адамдарды қауіпсіз жерге шығаруға кірісті. 8 адам ТЖМ мамандарының көмегімен баспалдақ арқылы эвакуацияланды. 25 тұрғын (оның ішінде 6 бала) құтқарушылар келгенге дейін үйден өз бетінше шығып үлгерген.

«Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел әрекетінің арқасында өрт қысқа мерзім ішінде толық ауыздықталды. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ», — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта мамандар тілсіз жаудың себебін анықтап жатыр.