Қарағандыда үш көлік соқтығысып, бес адам зардап шекті
Олар шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізілді
Қарағандыда түнде болған жол апаты салдарынан бес адам ауруханаға жеткізілді. Оқиғаға үш жеңіл автокөліктің қатысы бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 5 сәуірге қараған түні қаладағы «Көгілдір тоғандар» шағын ауданында болған. Өзара соқтығысқан көліктер: Chevrolet Cobalt; BMW; Lada Priora.
Соққы салдарынан зардап шеккен бес адам шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта олардың жағдайы мен алған жарақаттарының ауырлығы анықталып жатыр.
Оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеуде. Тәртіп сақшылары апаттың нақты себептерін, кімнің жол ережесін бұзғанын және соқтығысудың қалай болғанын анықтап жатыр.
«Жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдықты асырмауға шақырамыз. Жол қауіпсіздігі – әрбір қатысушының жауапкершілігінде», — деп ескертті полиция өкілдері.