«Есігін бұзып, үйіне басып кірген»: Астанада экс-әйеліне күн бермеген сталкер ұсталды
Оған жаза тағайындалды
Астанада бұрынғы күйеуінен қашып, өз үйіне қона алмаған әйелдің құқығы сотта қорғалды. Жәбірленушінің ізіне түсіп, бейтаныс нөмірлермен маза бермеген «аңдушыға» қатысты прокуратура мемлекеттік айыптауды қолдап, істі соңына жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ер адам бірнеше жыл бұрын ажырасып кеткен әйелінің үйіне келіп, кіреберіс есігін бұзып, бірнеше рет пәтерге заңсыз кірген. Әйел одан қорқып, пәтерінен кетіп, анасының үйіне барған. Ер адам жәбірленушіге барып, агрессивті түрде әрекеттер жасап, жанжал тудырған.
Сондай-ақ, сотталушы тұрақты түрде бейтаныс нөмерлерден жәбірленушіге хабарласып, хабарламалар жолдап отырған. Ол жәбірленушінің үнемі мазасын алып, қорқытқан.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты ер адамды кінәлі деп танып, оған 100 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындады.
Прокуратура заңсыз қудалау үшін айыппұл түрінде 200 айлық есептік көрсеткішке дейін, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді.