Алматы әкімдігі 800 млн теңгеге жерді заңсыз иеліктен шығармақ болған

Араға прокуратура араласып, оның алдын алған

Алматы әкімдігі 800 млн теңгеге жерді заңсыз иеліктен шығармақ болған
Фото: istockphoto.com

Алматы әкімдігі жарты гектар жерді иеліктен мәжбүрлеп шығармақ болған. Бұл жердің нарықтағы құны – 800 млн теңге, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокуратураның мәліметіне сүйенсек, бұл әрекет жер  заңнамасына қайшы келеді.

«Қадағалау барысында прокурорлар жер заңнамасының бұзылғанын анықтаған. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы орган 0,5006 гектар жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімін бастау туралы қаулы қабылдаған. Алайда Алматы қаласының Бас жоспарына сәйкес, бұл аумақта жалпы пайдалануға арналған нысандар салу көзделмеген. Соған қарамастан, әкімдік қолданыстағы заң талаптарына қайшы келетін шешім қабылдаған», - деп хабарлайды Алматы прокуратурасы.

Аталған жер учаскесінің бағалау құны 800 млн теңгеден асатыны белгілі болды.

Прокуратура наразылық білдіріп, оның нәтижесінде әкімдіктің заңсыз қаулысының күші жойылды. Осылайша, прокурорлар 800 млн теңгеден астам қаржыны үнемдеген.