«Әйелі, екі қызы мен бір ұлы бар»: БҚО-да 16 жастағы қызбен қатынасқа түскен шенеунік оқиғадан кейін басқа жаққа көшіп кеткен
Ол Жер қатынастары бөлімінің басшысы болған
Қаңтардың басында бірқатар ақпарат құралдарында Батыс Қазақстан облысында әкімдік қызметкері 16 жастағы қыз баламен жыныстық қарым-қатынасқа түсті деген ақпарат тараған еді. Әуел баста арыз полицияға 2026 жылдың 2 қаңтарында түскен. Сол күні қылмыстық іс қозғалғанымен, қыз бен анасы арызын қайтып алған соң, іс жабылған.
Алайда, ішкі істер министрлігі мен жергілікті прокуратура «16 жастағы қыздың 57 жастағы шенеунікпен қаншалықты өз еркі аясында қатынасқа түскенін толық зерделеу үшін» істің қайта қаралатынын мәлімдеген еді.
Azattyq Rýhy редакциясы шенеунік қандай қызмет атқарғанын және оның әрекетіне облыстағы Әдеп жөніндегі уәкіл не дейтінін білу үшін Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне ресми сауал жолдаған еді.
Біздің қолымыздағы мәліметке сүйенсек, шенеунік бір ауданның жер қатынастары бөлімін басқарып отырған екен.
«Шыңғырлау ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы болған Әлібек Жүпілов 2026 жылдың 15 қаңтарында басқа елді мекенге қоныс аударуына байланысты өз еркімен атқарып жүрген лауазымынан босату жөніндегі өтінішіне сай қызметінен босады. Отбасылы, әйелі және 3 (2 қыз, 1 ұл) баласы бар. Жасы 57-де», - деп жауап берген әкімдік біздің сауалымызға.
Бірақ, облыс әкімдігінің өкілдері «дәл осы шенеуніктің ісін Әдеп жөніндегі уәкіл қарай ма» деген сұраққа жауап бермеген. Есесіне, біздің редакцияға Әдеп жөніндегі уәкілдің міндеттерін түсіндіріпті.
«Облыс әкімдігі аппаратында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын қамтамасыз ету, әдеп талаптарының бұзылуының алдын алу, сондай-ақ талдау және профилактикалық жұмыстар жүргізу мақсатында Әдеп жөніндегі уәкіл қызмет атқарады. Мемлекеттік қызметшілер тарапынан әдеп нормаларының бұзылуы туралы ақпараттар болған жағдайда, тиісті материалдар белгіленген тәртіппен қаралады. Өздерінің функционалдық міндеттерін тиісінше орындамаған лауазымды тұлғаларға қатысты процестік шешімдер қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қабылданады. Сонымен қатар, аудандық әкімдікте де мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын қамтамасыз ету, профилактикалық жұмыстар жүргізу және осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Әдеп жөніндегі уәкілдің қосымша функциялары жүктелген», - деп жауап берген әкімдік біздің ресми сауалға.
Жалпы, дереккөз мәлім еткендей, Батыс Қазақстан облысында 1 қала және 12 аудан әкімі бар, олардың арасында сотты болғандар жоқ.