$ 493.85  571.78  6.25
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Соңғы 15 жылда жас сарбаздардың психологиясы қалай өзгерді: маман талдауы

Майор Әлия Жақыпова ата-аналарға кеңес берді 

Соңғы 15 жылда жас сарбаздардың психологиясы қалай өзгерді: маман талдауы
Фото: Әлия Жақыпованың жеке мұрағатынан

Әскери психолог, майор Әлия Жақыпова әскерге жаңадан келген сарбаздардың психологиялық жай-күйі туралы айтты. Маманның пікірінше, қазіргі жастарға әлеуметтену үшін көбірек уақыт пен кәсіби көмек керек. Олардың мінез-құлқында 10-15 жыл бұрынғы жігіттермен салыстырғанда өте үлкен айырмашылық бар, деп жазады Azattyq Rýhy.

Жас жігіттердің психологиясында не өзгерді?

Бұл ең алдымен цифрландыру дәуірі мен әлеуметтік ортаның өзгеруіне байланысты болып отыр. Психологтың бақылауынша, «интернет буынының» шынайы ортада тіл табысу дағдылары төмендеген.

«Осыдан он жыл бұрынғы жігіттер төзімдірек болатын. Олар спортпен шұғылданып, кітап оқитын, адамдармен тез араласып кететін. Ал бүгінгі ұрпақтың өмірі интернетпен тығыз байланысты. Туғаннан телефон ұстап өскен, олардың дүниетанымы цифрлық ортада қалыптасқан. Сондықтан оларға адамдармен тіл табысу, әскерде достасып кету, әлеуметтену қиынға соғады», - дейді ол.

Соған орай әскери психологтардың жұмысы да күрделенген. Олар бозбалаларға өзіне мүлде таныс емес ортаға бейімделуге көмектеседі.

«Біздің негізгі міндетіміз - мерзімді қызметтегі сарбаздардың, сержанттар мен офицерлердің, жалпы жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйін нығайту. Әскери институтқа жаңа түскен курсанттың оқуға, қатаң тәртіпке бой үйретуіне көмектесеміз. Олардың психологиялық тұрғыдан шыңдалып, қиындыққа төзімді болуына тікелей атсалысамыз, – дейді ол.

Жігіттер әйел адамға сырын аша ма?

Әлия Жақыпованың айтуынша, қоғамда қалыптасқан «ер жігіттер әйел адамға сенбейді, жан сырын бөліспейді» деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Шындығына келсек, әскери ортада әйел психологтың болуы сарбаздарға эмоционалдық тұрғыда жақсы әсер етеді.

«Жігіттер мені анасындай, әпкесіндей көреді. Сондықтан іштегі қорқынышы мен жеке мәселелерін бүкпесіз бөліседі. Кейде ер балаға оны біреудің тыңдағаны қажет болады. Көбі уайымын түсінбейді деп қорқады. Сол үшін ата-анасына да, достарына да ештеңе айта алмай, бәрін іште сақтап жүреді. Біз тек курсанттармен ғана емес, қажет кезде олардың ата-аналарымен де сөйлесіп, мәселенің оң шешілуіне ықпал етеміз. Бөлім командирлерімен тығыз байланыстамыз. Маңызды жұмыстардың бірі - әскердегі келеңсіз жағдайларды болдырмау, соның ішінде өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу. Сарбаздың мінез-құлқындағы титтей өзгеріс назардан тыс қалмайды, біз бұл туралы бірден хабардар болып, жедел жұмыс бастаймыз»,- деді маман.

Баланы әскерге қалай дайындау керек

Маманның айтуынша, әскерге келген бозбаланың бойындағы психологиялық кедергілер мен мінез-құлқындағы мәселелердің бәрі мектеп қабырғасынан бастау алады.

«Жастарды әскерге дайындау десе, көз алдымызға тек саппен жүру немесе автоматты шашып-жинау келмеуі керек. Бұл мәселеге әлдеқайда тереңірек үңілген абзал. Біріншіден, баланың психологиялық төзімділігіне, яғни стреске қарсы тұру қабілетіне мән берген жөн. Қазіргі «интернет буыны» виртуалды әлемге етене жақын болып өскендіктен, шынайы өмірдегі қатаң режимге тап болғанда тез жасып, мұқалып қалады. Осы орайда мектеп психологтары мен алғашқы әскери дайындық мұғалімдері бірігіп баланың өзіне сенімін ұштауы қажет. Ұжыммен тіл табысуды үйрететін тренингтерді жиі өткізген пайдалы. Оқушылар арасындағы араздықтың, буллингтің алдын алып, сынып ішіндегі ауызбіршілікті нығайтсақ, ертең ол бала әскерде де ортаға тез сіңіп кетеді.

Екіншіден, баланы «ести білу» керек. Ата-аналарға айтарым: «Балаңыздың ішіндегі мұңын, қорқынышын сыртқа шығаруына мүмкіндік беріңіздер».  Егер бала мектеп кезінен бастап ойын ашық айтуға дағдыланса, әскерде де тұйықталып қалмайды.  Үшіншіден, әрине, әскери ортаға тез үйрену үшін баланың денесі шымыр, денсаулығы мықты болуы шарт. Спортпен айналысқан бала қиындыққа төзуді біледі, мінезі қалыптасады.

Ең бастысы, біз жастарға әскерді мәжбүрлі міндет емес, нағыз ерлік пен жауапкершілік мектебі ретінде сезіндіруіміз қажет. Сонда ғана біз психологиялық тұрғыдан мықты, ел қорғауға сақадай сай ұрпақты тәрбиелей аламыз», - деді психолог.

Офицер майор Әлия Жақыпова әскери қызметін 2014 жылы наурыз айында Маңғыстау облысында бастаған. Алғашқы жылдары спутниктік байланыс саласында еңбек етіп, кейін кәсіби бағытын психологияға бұрды. 2015 жылдан бастап Ақтау қаласындағы 29011 әскери бөлімінде офицер-психолог болып қызмет атқарды. 2019 жылы Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштері әскери институтына ауысып, курсанттармен тікелей жұмыс істей бастады. 2021 жылдан бері осы институттың инженерлік батальонында офицер-психолог лауазымында қызметін жалғастырып келеді. Әлия Жақыпованың жұбайы да әскери салада қызмет етеді, олардың 3 баласы бар.