Жамбыл облысындағы стансада екі локомотив соқтығысты
Оқиға маневрлік жұмыстар кезінде болған
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Жамбыл облысындағы Жаңатас теміржол стансасында болған ірі оқиға туралы ақпарат тараған еді. Мәліметке сәйкес, локомотивтер бетпе-бет соқтығысқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тараған ақпаратта стансадан шығып бара жатқан екі секциялы магистральдық 2ТЭ10М тепловозы «ҚТЖ»-ның маневрлік тепловозымен соқтығысқаны айтылған. Маневрлік локомотив бес жүк вагонын, яғни дизель отыны тиелген цистерналарды әкеле келе жатқан.
Оқиғаның ресми нұсқасын «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады. Компанияның мәліметінше, бұл жағдай маневрлік жұмыстар кезінде болған.
«5 наурызда Жамбыл облысындағы Жаңатас стансасында маневрлік жұмыс барысында «Жаңатас Су-Жылу» КМК-ның кірме жолына мазут тиелген бес вагонды беру кезінде Жамбыл локомотив депосының маневрлік локомотив машинисі «КАП Логистик» ЖШС-нің жеке кірме жолындағы локомотивпен қатты соқтығысуға жол берген. Қаза тапқандар жоқ», – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
«ҚТЖ» мәліметінше, оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген.
Қазір оқиғаның себептері анықталып жатыр. Барлық мән-жайды анықтау үшін Жаңатас стансасына арнайы комиссия жіберілді.