Шымкенттегі алаяқтар «жазғы сессияға қалудан» қорқатын студенттерді алдай бастаған
Полиция студенттерді әлеуметтік желі арқылы алдаған күдіктілер ұсталды
Шымкент қаласы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы қаладағы жоғары оқу орындарының студенттерін алдаған алаяқтарды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеуге сенсек, екі күдікті 2025 жылдың қазан айынан бастап TikTok әлеуметтік желісі арқылы студенттердің парақшаларын анықтап, арнайы боттардың көмегімен олардың ұялы телефон нөмірлері мен жеке деректерін жинаған. Кейін оқу орнының порталын «бұзып», бағасы нашар студенттерді тапқан.
«Осыдан кейін олар бағасы нашар студенттерге уақытша нөмірлер арқылы хабарласып, өздерін университет қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар сынақтан өту үшін бір балл жетпейтінін, сол себептен академиялық қарыз немесе емтиханға бара алмай қалуы мүмкін екенін айтып, «мәселені шешіп бере алатынын» ескерткен. Бағасын жақсартқысы келген студенттерден 70-80 мың теңге алып, хабарсыз кеткен», - деп хабарлайды полиция.
Полиция бұл күдіктілерден кемі алты адам зардап шеккенін анықтады.