$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.11.2019, 09:17
Оқиғалар

Қордай ауруханасына аштықтан әлсіреген екі бала түсті

Ауруханада жатқан екі бүлдіршіннің еш құжаты болмаған

Қордай ауруханасына аштықтан әлсіреген екі бала түсті
Фото: ашық дереккөзден

Жамбыл облысы Қордай ауданының тұрғындары көршілерінің төрт және екі жастағы баласы тойып тамақ ішпей, әкесінен оңбай таяқ жегенін айтып хабарласты, дейді КТК арнасы. Аштықтан бұратылып ауру тапқан екі бүлдіршін расымен ауруханада жатыр. Ал аудандағы атқамінерлер дәрігерлермен қосылып, «ұрды-соқты» деген ақпаратты жоққа шығарып әлек.

«24-қазан күні құзырлы мекемелердің келісімінен соң екі баланы бізге алып келді. Жағдайлары орташа болды. Екеуі де арып-ашып, әлсіреген. Балалардың дамуы баяу және салмағы аз. Тойып тамақ ішпегені көрініп тұр. Бірақ, денелерінде еш жарақат немесе көгерген белгі жоқ», - дейді Қордай аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Иван Черных.

Әкімдік өкілдері мен дәрігерлер әке-шешесінің қарсылық танытқан қолхатын алға тартып, ауруханадағы балаларды тілшілерге көрсеткен жоқ. Ауданның атқамінерлері бүлдіршіндердің «жағдайы жақсы» дегенімен, екі баланы жақын күндері Қордайдан Тараз қаласына ауыстырмақшы. Белгілі болғаны, ауруханада жатқан екі баланың еш құжаты болмаған. Ал қазір үшінші сәбиін босанып перзентханада жатқан анасы – Қырғыз Республикасының азаматы екен.  

Ең сорақысы, тойып тамақ ішпеген ұл мен қыз әлі де тағдыр тауқыметін тартып жүре беруі мүмкін. Себебі, келіншектің Қырғызстандағы туысқандары «қызым хабарсыз кетті» деп арызданған соң құзырлы орындар іздеу салып, кейін отбасын тапқан кезде бүлдіршіндердің мүшкіл халін көріпті.

«Олар бір жерде тұрақты тұрмаған. Біресе Алматы облысын, біресе осы жақты мекен етіпті. Үлкен ұл мен жаңа туған нәрестенің туу туралы куәлігін жасадық. Екінші қызы Қырғызстанда дүниеге келген. Оның да құжаты қалпына келтірілді. Тіпті отағасын әкелік құқығынан айыру мәселесін жоққа шығармаймыз. Ал анасы Қырғызстан азаматы болғандықтан, сол жақтағы комиссияға жіберіледі», - деді Қордай аудандық әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияның хатшысы Алина Почуева. 

Серіктес жаңалықтары