$ 494.66  581.87  6.43
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қарағанды облысында екі адам қар құрсауынан құтқарылды

Олар тау шатқалында қалып қойған

Қарағанды облысында екі адам қар құрсауынан құтқарылды
Фото: ТЖМ

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында қар кешкішпен серуенге шыққан екі тұрғын тау шатқалындағы қар құрсауында қалып қойған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Оқиға кешкі уақытта Шайтанкөл тауынан демалыс үйіне қарай бара жатқан кезде болған. 1978 және 1979 жылғы екі ер адам қар кешкішпен (снегоход) жүріп келе жатып, терең шатқалға түсіп кеткен. Қардың қалыңдығы мен таулы рельефтің күрделілігіне байланысты олар өз беттерінше шыға алмай, «112» қызметіне хабарласуға мәжбүр болған.

Оқиға орнына жеткен ТЖД қызметкерлері қиындықтарға тап болған. Таулы-тасты жер мен биік қар құрсауының кесірінен арнайы техника зардап шеккендерге жете алмаған.

Құтқарушылар қалың қарды қолмен тазалаған; құлаған ағаштар мен тастар арасынан жол салған; түнгі уақыттағы шектеулі көрініске қарамастан екі азаматты құтқарған.

«Бізді құтқарып алды. Техника жүре алмайтын, тас пен орманның арасында қалып едік. Шыны керек, бізді құтқарады деп ойламадым. Төтенше жағдайлар министрлігінің жігіттеріне алғыс айтамын, олар болмаса не істерімізді білмейтін едік», — деді құтқарылғандардың бірі.

Эвакуацияланған ер адамдарға медициналық көмек қажет болмады. Олар аман-есен қауіпсіз жерге жеткізілді.

Қарағанды облыстық ТЖД азаматтарға таулы аймақтарда белсенді демалысты жоспарлау кезінде ауа райы мен жер бедерін ескеруді қатаң ескертеді.