«Інімді ешқашан тастамаймын»: Батыс Қазақстанда 54 жыл бұрын әртүрлі жетімдер үйіне кеткен төрт бауыр қауышты (ВИДЕО)
Аналары қайтыс болған төрт шиттей бала тағдырдың ауыр сынағымен жан-жаққа кеткен
Оралда жетім қалған бауырлар бір-бірін 54 жылдан кейін тапты. Үш ағайынды мен бір қарындас балалар үйінде тәрбиеленген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Астана» арнасына сілтеме жасап.
Бауырлардың үшеуі Ақтөбедегі балалар үйіне түскен, ал біреуі – Аманбек мылқау болған соң, Оралдағы әлеуметтік интернатта өскен. Арада көптеген жыл өткенде отбасының үлкені ағайындарын іздеп табады, алайда Аманбекті табу оңай болмаған. Ол «Жди меня» бағдарламасына барған, әлеуметтік желілер арқылы да іздеген.
«Бауырларыммен қауышып, қуанып жүрміз. Інімді ешқашан тастамаймын, өмірінің соңына дейін қасымда болады. Жасым тоғызға келгенде бізді ажыратып жіберді. Әскерден келген соң бәрін іздедім, бірақ Аманбекті табу қиын болды, өйткені оны басқа фамилиямен жазып жіберген», - дейді Аманбектің ағасы Жетпісбай Қасмұханов.
Тіпті оған «Аманбектің балаларымыз» деп алаяқтар хабарласып, оның жерлеуіне ақша сұраған. Жетпісбай Қасмұханов бауырының тірі екеніне сеніп, оны іздеуді тоқтатпаған. Қазір Аманбек 57 жаста. Денсаулық жағдайына байланысты 40 жылдан бері Оралдағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұрып келеді.
«Аманбектің есту, сөйлеу қабілетінде қиындық бар. Оған қарамастан бізге үнемі ағасы барын айтатын. Қазір күнде бауырларымен сөйлеседі. Кеше ғана отбасымиен кездесіп, бақыттан бал-бұл жанып жүрді», - дейді «Орал қалалық арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ директоры Арман Дәулетов.
Аманбектің досының айтуынша, ол бала күнінен туғандарымен қауышуды армандаған. Ата-анасының мейіріміне қанбаған Аманбек қазір бауырларын көргеніне сене алмай жүр. Жақында оны ағайындары орталықтан алып кетеді.