«Бұрынғы күйеуіне ерегесіп, қорлаған»: Таразда туған баласын ұрып-соққан ана ұсталды (ВИДЕО)
Бүлдіршіндер әзірге Балалар үйінде тұрады
Жамбыл облысында сәбиін аяусыз ұрған ана ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталып, сот-медициналық сараптама тағайындалды.
«Бүлдіршіндер балалар үйіне уақытша орналастырылды, олардың қауіпсіздігі мен қажетті күтімі толық көлемде қамтамасыз етілді. Оларға медициналық көмек көрсетілуде, қазіргі уақытта дәрігерлердің жіті назарында, жағдайлары тұрақты», - делінген хабарламада.
Комитет балаларға қатысты қатыгездікке тиісті құқықтық баға беріліп, кінәлі тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.
Ал ата-ана құқықтарынан айыру мәселесі Кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда белгіленген тәртіппен қаралатын болады.
Полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастады.
«Әйел адам оқиғаның барлық мән-жайын толық, объективті және жан-жақты анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізілді. Сараптамалар мен тергеу шараларының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданатын болады», - ПД баспасөз қызметінен.
Айта кетсек, бұған дейін туған баласын соққыға жығып, оны камераға түсірген ананың әрекеті әшкере болған еді. Бейресми ақпараттарға сәйкес, әйел баласын бұрынғы күйеуіне ерегесіп, қорлаған.