Атырауда жас сарбаз туған ағасының алдына барып, Ант берген (ФОТО)
Ағасы әскери бөлімде аға лейтенат қызметін атқарады
Ұлттық ұланның Атыраудағы 5546 әскери бөлімінде ерекше қуаныш болды – қатардағы сарбаз Мағжан Сапарбек туған ағасы Құдияр Сапарбектің алдына барып Ант берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық ұланның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, Ант қабылдау рәсіміндегі бұл жылы ишара 5546 әскери бөлімінде болған.
«Аға лейтенант Құдияр Сапарбек Ұлттық ұланның Атырау қаласында орналасқан 5546 әскери бөлімінде рота командирі лауазымын абыроймен атқарып жүр. Ал інісі Мағжан Сапарбек аталған бөлімге жас сарбаз ретінде қабылданып, әскери қызмет жолын енді ғана бастады. Қос бауыр – Шымкент қаласының тумалары», - деп хабарлайды Ұлттық ұлан.
Жас сарбаз Мағжан Сапарбек үшін бұл күн өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі болды.
«Ағам – мен үшін бала кезден үлгі. Оның әскери қызметтегі жолын көріп өстім. Антты дәл өз ағамның алдында беру мені одан сайын жігерлендірді. Бұл – менің Отан алдындағы сертім ғана емес, отбасымның абыройын асқақтату жолындағы жауапкершілігім», – дейді жас жауынгер.