$ 501.79  595.07  6.56
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Жар іздеймін»: полиция Threads-те танысатын адамдардың сырын ашты

ІІМ интернет арқылы танысқан адамдарға ақша және жеке деректерді бермеуге шақырды 

«Жар іздеймін»: полиция Threads-те танысатын адамдардың сырын ашты
Фото: iStockphoto

Полиция әлеуметтік желіде жар іздейтіндерге қатысты ескерту жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желілерде, әсіресе Threads-те «жар іздеймін», «танысқым келеді» деген жарияланымдарды жиі кездестіруге болады. Мұндай жазбалардың артында қарапайым желі қолданушыларынан бөлек алаяқтар да болуы мүмкін.

«Алаяқтар көбіне өздерін тартымды жігіт немесе қыз ретінде таныстырып, хат алмасуды белсенді түрде жүргізіп, адамға ерекше көңіл бөліп, қысқа уақыт ішінде сенімге кіреді. Уақыт өте келе әңгіме қаржылай көмек сұрауға ұласуы мүмкін. Алаяқтық схема әдетте былай өрбиді: белсенді қарым-қатынас орнату және эмоциялық тәуелділік қалыптастыру; өмірдегі қиын жағдайлар, ауру, шұғыл шығындар немесе тиімді инвестициялар туралы әңгімелер; ақша аударуды, оның ішінде қаражатты шетелдік криптоәмияндарға аударуды немесе үшінші тұлғалар арқылы жіберуді сұрау; қаражат алынғаннан кейін байланыс үзілiп, жәбірленушіні бұғаттау. Егер экранның арғы жағындағы адам сізден ақша аударуды сұраса, бейнебайланыстан және жеке кездесуден қашса, интернеттегі фотосуреттерді пайдаланса, сақ болған жөн», - делінген хабарламада.

Алаяқтардың арбауына түсіп қалмас үшін: интернет арқылы танысқан адамдарға ақша және жеке деректерді бермеу; жеке фотосуреттерді жібермеу; күмәнді сілтемелерге өтпеу; сұхбаттасушының профилін және ол туралы ақпаратты тексеру; күмән туындаған жағдайда жазбаны тоқтату керек. Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті азаматтарды онлайн-танысу кезінде сақ болуға және құқыққа қайшы әрекеттер туралы уақтылы полицияға хабарлауға шақырады.