Шымкенттегі жаппай төбелес: тағы үш күдікті ұсталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Төбелес жол апатынан кейін болған

Фото: © istockphoto.com

Шымкентте жол апатынан кейін басталған жаппай төбелес пен кісі өліміне қатысты тергеу барысында жаңа деректер белгілі болды. Тәртіп сақшылары халықаралық іздеуде болған тағы үш күдіктіні қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy өңірлік «Отырар» басылымына сілтеме жасап.

Күдіктілер Түлкібас ауданында жасырынып келген

Адвокат Талгат Есімовтың мәлімдеуінше, Шымкент қалалық Полиция департаментінің қызметкерлері Василий Колесниковтың өліміне қатысы бар деген күдікпен тағы үш адамды ұстаған.

Күдіктілер Түркістан облысының Түлкібас ауданында бой тасалап жүрген. Олар қазір уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Жол апатынан басталған трагедия: Оқиға қалай болды?

Шымкент қаласында болған жол-көлік оқиғасы адам өлімімен аяқталды. Оқиға 20 қаңтар күні Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған. Полиция мәліметінше, жол-көлік оқиғасынан кейін екі көліктегі жүргізушілер мен жолаушылар арасында сөзге келу туындаған. Қысқа уақыт ішінде жанжал ушығып, жаппай төбелеске ұласқан. Қақтығыс барысында суық қару қолданылып, бірнеше адам пышақ жарақатын алған. Өкінішке қарай, олардың бірі алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.

Журналист Михаил Козачков төбелестен кейінгі тағы бір видео жариялады. Бейнежазбада көрініп тұрғандай, кешқұрым қара түсті көліктегі бірнеше жігіт бір адамның мәйітін Ордабасы ауданындағы ауруханананың жанына тастап кеткен. Дереккөзге сүйенсек, осы төбелеске қатысып, бір адамды өлтірді деген күдікпен бес адамға іздеу жарияланған.

Одан кейін Шымкенттің денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі редакциямызға науқастың жағдайы туралы ақпарат ұсынды.

«1990 жылы туған науқас Шымкенттің №1 қалалық клиникалық ауруханасына ауыр хәлде түсті. Оның кеудесіне пышақ кірген. Сондықтан, дәрігерлер шұғыл операция жасады», - деп хабарлайды басқарма.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде адам өлтіру және бұзақылық қылмыстарына қатысы бар күдікті төрт ер адам анықталып, қолға түсті.