«Күреске келген балалар»: Жамбыл облысында 22 жас спортшы ауруханаға түсті
Жағдайды облыс әкімі Ербол Қарашаөкеев бақылауына алған
Жамбыл облысы Меркі ауданының ауруханасына жастары 12-17 аралағындағы 22 жас спортшы түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі осы мәселеге қатысты ресми ақпарат ұсынды. Ресми дереккөзге сүйенсек, балалар ауруханаға кеше, 21 қаңтар күні түнгі сағат 22:40-та түскен.
«2026 жылы 21 қаңтар күні сағат 22:40 шамасында Меркі аудандық көпбейінді орталық ауруханасына «Тұран» демалыс орнынан Қызылорда облысынан ауданға күрес түрінен оқу-жаттығу жиынына келген 12–17 жас аралығындағы 22 кәмелетке толмаған жасөспірім түсті. Алдын ала диагноз – этиологиясы анықталмаған гастроэнтерит», - деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайты.
Бұның себебін анықтау үшін мамандар балалар жатқан орталықтың тамағына сараптама жүргізген. Оның қорытындысы әлі шыққан жоқ.
«Бұл фактіні Меркі ауданының полициясы тіркеді. Құзырлы органның тексеру қорытындысы негізінде тиісті процестік шешім қабылданады», - деп хабарлайды облыс әкімдігі.
Дереккөзге сүйенсек, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес оқиға орнына облыс әкімінің орынбасарлары Айжан Есмағамбетова мен Серік Сәлемов барып, жедел штаб отырысын өткізді.
Дереккөзге сүйенсек, «Тұран» демалыс орнында барлығы 103 жас спортшы мен 13 жаттықтырушы қоныстанған. Ауруханаға жүгінген науқастардың жағдайы жеңіл дәрежеде, денсаулықтары қалыпты, дәрігерлердің тұрақты бақылауында.