Астанада 11 адам жаңа жылды лифтіде қарсы алды
Лифт кенеттен төмен түсіп кеткен
Астанада жаңа жыл түні көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде 11 адам, оның ішінде бес бала лифтіде қамалып қалды. Оқиға елорданың Сарайшық көшесінде болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Лифт кенеттен төмен түсіп кеткен
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жүк-жолаушылар лифті үшінші қабаттан күрт төмен түсіп, кейін бірінші және екінші қабаттың арасында тоқтап қалған. Осы сәтте лифт ішінде болған адамдар сыртқа шыға алмай қалған.
Құтқарушылар жедел көмек көрсетті
Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар арнайы лифт кілтінің көмегімен есікті ашып, тұрғындарды сыртқа шығарды.
Абырой болғанда, ешкім медициналық көмекке мұқтаж болмаған.
ТЖМ ескерту жасады
Төтенше жағдайлар министрлігі лифтіде қалып қойған жағдайда мынадай қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады:
- үрейге берілмеңіз, айналаңыздағы адамдарды сабырға шақырыңыз;
- диспетчермен байланысқа шығыңыз;
- барлық түймені қатарынан баспаңыз;
- лифт есігін өз бетіңізше ашуға тырыспаңыз;
- сыртқы байланыс құралдарын барынша пайдаланыңыз.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда сабыр сақтап, құтқару қызметінің көмегін күту — ең қауіпсіз шешім.