Павлодарлық өрт сөндірушілер қызыл жалынмен үш сағат бойы алысты (ВИДЕО)
Ғимаратта битумды қыздыру ванналарының бірінде мұнай қалдықтарының қоспасы өртенді
Павлодар облысында ең жоғары дәрежелі қауіпті өрт сөндірілді, деп хабарлайды Аzattyq ruhy. Бұрынғы «Павлодар картон-рубероид зауыты» АҚ аумағындағы битум қабылдағыштағы өрт туралы хабарлама ТЖ департаментіне түнгі сағат 02:45-те түскен.
«Өртті сөндіруге облыстық ТЖД Өрт сөндіру қызметінің тоғыз бірлік техникасы мен отыз екі қызметкері қатысты. Өрт сөндірушілерге көмекке «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-ің өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері келді. Өртті сөндіру үшін автоцистернаның көбікті генераторы іске қосылды. Өртті сөндіру битум қабылдағыш ғимаратының қабырғалары мен шатыры металл профлистен жасалғандықтан қиынға соқты», - делінген хабарламада.
Өрттің жалпы аумағы 1200 шаршы метрді құрады. Өрт сөндірушілер өртті таңғы сағат 4:40-та ауыздықтап, сағат 05:35-те толығымен сөндірді. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын анықталып жатыр.