«Өз еріктерімен жолға шыққан»: министрлік Семейде қаза тапқан үш спортшыға қатысты мәлімет ұсынды
Олар Астанадағы жарысқа келген еді
Бұған дейін хабарлағынымыздай, биыл 2 қараша күні Абай облысы Бесқарай ауданында Toyota Avensis жеңіл автокөлігі мен Howa жүк көлігі бір-біріне соғылған еді. Апат кесірінен Әлихан Бөкейханов атындағы университеттің үш спортшы студенті — Әбдімәліков Рустамбек, Оңдабай Рефхат және Тұрарбеков Нұрмағамбет қаза тапқан болатын. Олар Астанада Бирма боксынан өткен Азия чемпионатына қатысып, Семейге қайтып бара жатқан. Олардың туыстары жаттықтырушылар қауіпсіздік ережелерін сақтамай, Семейден Астанаға дейін 22 баланы тар көлікке тығып әкелгендерін, ал, қайтарда осы үш марқұм жаттықтырушының жеке көлігімен қайтқанын айтып, мәлімдеме жасаған.
Azattyq Rýhy редакциясы осы мәселеге қатысты Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне ресми сауал жолдаған болатын.
Ресми жауаптан белгілі болғандай, расымен де Астана қаласында 2025 жылдың 31 қазаны мен 1 қарашасы аралығында Бирма боксынан Азия чемпионаты өтті. Жарысты республикалық Бирма бокс федерациясы ұйымдастырған екен.
«Абай облысы командасының аға жаттықтырушысы Омарбеков Аслан Қайратұлы. Абай облысы құрамасының барлық жаттықтырушыларының дене шынықтыру бойынша жоғары білімі бар. Жарыс аяқталғаннан кейін жаттықтырушы Нұржақыпов Бақтияр (1999 ж.т.) үш спортшымен бірге Астана қаласынан Семей қаласына қарай өз еріктерімен жолға шыққан», - деп хабарлайды министрлік.
Сондай-ақ ресми сауалға жауап берген мемлекеттік орган апат туралы білетіндей ишара танытып, мәлімет ұсынған.
«2025 жылғы 2 қарашада Жыланды ауылы маңайындағы тас жолында спортшылар отырған Toyota Avensis маркалы жеңіл авто көлік пен КамАЗ жүк көлігінің соқтығысуы салдарынан жол-көлік оқиғасы орын алды. Апат кесірінен Әлихан Бөкейханов атындағы университеттің үш спортшы студенті — Әбдімәліков Рустамбек (2005 ж.т.), Оңдабай Рефхат (2006 ж. т.) және Тұрарбеков Нұрмағамбет (2006 ж. т.) қаза тапты», - деп хабарлайды министрлік.
Біз министрліктен осындай чемпионаттарды өткізу тәртібі қандай, спортшылар қандай да бір жағдайға ұшыраса, кім жауап беретіні туралы мәлімет сұраған едік.
«Қазақстан Республикасында спорттық іс-шараларды өткізу қағидалары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 4 қарашадағы № 74 бұйрығымен бекітілген. Бұл ережелер спорттық іс-шараларды өткізу тәртібін анықтайды», - деп қысқа жауап берген.
Министрлік қандай да бір спорттық жарысқа келе жатып немесе кетіп бара жатып жолда қайтыс болған спортшылардың есебін айта алған жоқ.
«Министрлікте спортшылардың жарысқа бару немесе қайту жолында орын алған оқыс оқиғаларға қатысты статистикалық деректер жоқ», - деп жауап берген Спорт комитеті.