Өскемендік «Торпедо» хоккей командасының ойыншысы 7900 теңге үшін әріптесін өлтірген
Ол 3 жылға сотталды
«Торпедо» хоккей командасының ойыншысы әріптесін өлтіргені үшін 3 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Былтыр қазанда Өскеменде «Торпедо» ересектер хоккей командасының ойыншысы Лагунов кіші хоккей командасының ойыншысы Пыленокке күш көрсетіп, оны өлтіріп қойған. Бірақ амнистияға ілініп, ауыр жазадан құтылып кеткен.
Сот анықтағандай, 2024 жылғы 2 тамызда Өскемендегі «Спорт сарайында» Лагунов Пыленоктен 7900 теңгеге сатып алынған желдеткіштің ақшасын қайтаруды талап еткен. Пыленок ақша қайтарудан бас тартқан соң, Лагунов оған күш көрсеткен.
«Пыленоктің желкесінен сол қолымен ұстап, ақшаны қайтаруды талап ете берген. Осы кезде куә М. оларды ажыратқан, Лагунов шегінген сәтте Пыленок есінен танып, жерге құлаған. Лагуновтың әрекетінің салдарынан жәбірленушіге мойынның рефлексогенді аймағының жабық доғал жарақаты келтіріліп, ол жүрек қызметінің рефлекторлық тоқтауына және кейіннен оның өліміне әкеп соққан», - делінген соттың хабарламасында.
Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істі қайта қарап, үкімнің күшін жойды. Лагунов ҚК-нің 389-бабы 4-бөлігінде көзделген «елеулі зардаптарға әкеп соққан өз бетінше билік ету» фактісі бойынша қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Ол 3 жыл сотталды, сондай-ақ жәбірленушілердің пайдасына 20 млн теңге көлемінде моральдық зиянның өтемақысы өндірілді.