Павлодар облысында КамАЗ жыраға аударылып кетті: екі адам көз жұмды
Жол апаты Марғұлан ауылынан 20 шақырым қашықтықта болған
«Павлодар-Қызылорда» автожолында КамАЗ-4310 кюветке аударылып, салдарынан жүргізуші мен жолаушы қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жүргізуші рөлге ие бола алмай қалған
Алдын ала мәлімет бойынша трагедия 3 желтоқсанда Екібастұз қаласының Марғұлан ауылынан 20 шақырым қашықтықта болған.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше жүргізуші рөлге ие бола алмай қалған. Жол апаты фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция ескерту жасады
Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады.
«Полиция департаменті мұндай оқиғалардың алдын алу үшін жол қозғалысы ережелерін, жылдамдық режимін, әсіресе көлік қозғалысы көп жерлерде қатаң сақтау, көлік құралының техникалық жағдайын бақылау және ауа райының өзгеруін ескеру маңызды екенін еске салады», - деп жазылған хабарламада.