Италияда анасының мәйітін 3 жыл бойы үйінде жасырып, зейнетақысын алған ер адам ұсталды
Италияда мұндай жағдай жиілеген
Италияда 57 жастағы ер адам үш жыл бойы қайтыс болған анасының орнына зейнетақы алып келген. Ол мәйітті үйінде сақтаған, деп хабарлайды Azattyq Ryhy.
DW жазғандай, ер адам марқұм анасының зейнетақысын алуды жалғастыру үшін жеке куәлікке суретке түсуге келген. Ол 85 жастағы анасы Грациелла Далл’Ольоның бет-әлпетіне ұқсатып грим жасап, басына жалған шаш жабыстырып, әйелдің киімін киіп келген кезде мекеме қызметкері күдіктенген. Содан кейін ер адам «талып» қалғандай түр танытқан, бірақ оның жалған әрекеті әшкере болды.
Қазір оның үстінен алаяқтық, адастыру және мәйітті заңсыз сақтау бойынша іс қозғалды. Италияда мұндай жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ, сондықтан халық арасында үлкен резонанс тудырды.
Мысалы, Неапольде бір әйел жеті жыл бойы қайтыс болған анасының зейнетақысын алып отырған, оның жалпы сомасы 80 мың еуроға жеткен. Миланда анасының денесін жатын бөлмеге жасырған 50 жастағы ер адам ай сайын 1 700 еуро алған.
Еске салсақ, Италия – Еуропа Одағындағы қарттары ең көп ел. Мұнда 59 миллионнан астам тұрғынның 13,2 миллионнан астамы – зейнеткер.