Сараптамадан кейін Қазақстан нарығынан 43 дәрі жойылған
Республикада препараттардың сапасын тексеретін 2 зертхана бар
Биыл елімізде 1 723 дәріге сараптама жасалып, соның ішінде 43 дәрі сапасына сай келмегені анықталып, нарықтан алынып тасталған. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, елімізде дәрілер мен медициналық бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігін тексеретін 2 зертхана бар.
«Биыл 1 723 дәрілік зат пен медициналық бұйымдарға жүргізілген сараптама нәтижесі бойынша 43 дәрілік затта сәйкессіздік анықталып, олар нарықтан алынып тасталды. Дәрілердің адам денсаулығына тікелей әсер ететінін ескере отырып, министрлік дәрілердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейтіп жатыр, жоспарға сәйкес тегін қамтамасыз ету аясында сатып алынатын дәрілердің 100 пайызы сараптамалық іріктеумен қамтылады», - дейді Мұратов Үкімет отырысында.
Сонымен қатар, сараптама ұйымы 3 500 дәрінің тиімділігі мен қолдану кезіндегі тәуекелдерін бағалап, олардың 20%-ынан сәйкессіздік анықталған.
«Осыған байланысты өндірушілер тіркеу құжаттарына өзгерістер енгізіп, ал сындарлы жағдайларда препараттың тіркелуі уақытша тоқтатылады», - деп атап өтті вице-министр.