Курчатовта көмірден энергия өндіретін ЖЭО салынады
Министрлік тендер жарияламақ
Абай облысының Курчатов қаласында жылу электр станциясын салу үшін тендер жарияланады. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрлік президенттің таза көмір технология базасында көмір генерациясын дамыту бойынша тапсырмасына сәйкес, экологиялық талаптар мен нормаларға сай келетін бірқатар ірі жобаны жүзеге асырмақ.
«Бүгінгі таңда 3-ші Екібастұз мемлекеттік аймақтық электр станциясының құрылысы үшін инвесторды айқындау бойынша тендер өткізілді және Курчатов қаласында Жылу электр станциясын салу үшін тендер жариялау жоспарлануда. Сондай-ақ, тікелей шарттар аясында министрлік «Самұрық-Энерго» АҚ-мен бірлесіп Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын салуға арналған жобаларды іске асырып жатыр, онда түтін газын тазалаудың озық жүйелері, ауыр металдарды ұстау технологиялары қолданылады», - деді Ақкенженов Үкімет отырысында.
Бұдан бөлек, Астана мен Шымкент қалаларында бу-газ қондырғыларын салу бойынша аукцион өтеді.
«Жалпы аталған механизм оң нәтиже көрсетіп жатыр, 2022-2024 жылдары қуаты шамамен 2,5 ГВт болатын бу-газ қондырғыларын салу бойынша 8 жобаның инвесторларын анықтауға мүмкіндік берді. Қытайдан, Еуропадан және араб елдерінен келген стратегиялық инвесторлардың қатысуымен үкіметаралық келісімдер аясында қуаты шамамен 3,8 ГВт жаңартылатын энергия көздері мен 1,1 ГВт энергияны жинақтайтын жүйелерді құруға бағытталған ауқымды жобалар пысықталуда», - деді министр.
Оның айтуынша, 2035 жылға дейін жоспарланған жаңартылатын энергия көздерінің электр энергияны тұрақсыз беруін ескере отырып, энергетика жүйесінің сенімділігін арттыру үшін оларды маневрлік бу-газ қондырғылары арқылы теңдестіру жоспарланып отыр.