Елімізде жыл соңына дейін тағы 23 өрт сөндіру депосы салынып бітеді
Қазір өрт сөндіру деполары жаңарып жатыр

Жаңа жылға дейін елімізде тағы 23 өрт сөндіру депосының құрылысы аяқталады. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Еліміздің барлық өңірінде өрт сөндіру деполары мен құтқару станцияларын салу және оларды жаңарту жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Осы кезеңде 25 өрт сөндіру депосы мен құтқару станциялары салынып, 196 объекті қайта жаңғыртылды (173 өрт сөндіру депосы, 6 трасса медициналық-құтқару пункті, 17 жатақхана). Жыл соңына дейін тағы 23 өрт сөндіру бөлімінің құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді ол Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, төтенше жағдайларға мониторинг жүргізіп отыру үшін жасанды интеллект арқылы талдау және геоақпараттық жүйелер енгізілген. Өрт қаупі бар жерлерді бақылау үшін барлық өңірде бейнебақылау камералары іске қосылды.
Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде халыққа кешенді көмек көрсету үшін өрт сөндірушілерден, құтқарушылар мен дәрігерлерден тұратын әмбебап бөлімшелер құрылған. Осындай 5 бөлімше Аршалы, Макинск, Майтөбе, Аққулы және Қарқаралы елді мекендерінде жұмыс істеп тұр.
«Аталған жоба еліміздің барлық өңірінде іске қосылатын болады», - деп сендірді ведомство басшысы.
Бұған қоса 800 бірліктен астам техника мен 20 мыңнан астам жабдық сатып алынып, аудандық бөлімшелерге берілген.