Асқар Биахметов жұмыс сапарымен Абай облысына барды
Облыста 15,3 мың адам жұмыспен қамтылған

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов Абай облысына жасаған сапарында тұрғындармен, қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Ол әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарын түсіндіріп, мемлекет өз міндеттемелерін толық орындап отырғанын атап өтті.
Жыл басынан бері өңірде 209 мыңнан астам адам әлеуметтік қолдаумен қамтылып, 175,3 млрд теңге бөлінген. Облыста 15,3 мың адам жұмыспен қамтылып, оның 9,2 мыңы тұрақты жұмысқа орналастырылған.
Вице-министр «СемАЗ» және «Daewoo Bus Kazakhstan» зауыттарына барып, өндіріс процесімен танысты. Кәсіпорындар жүздеген жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып, отандық автокөлік өндірісін дамытуға үлес қосып отыр.
Асқар Биахметов еңбек заңнамасының сақталуы, қауіпсіздік пен сапалы жұмыс орындарын құру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, азаматтарды жеке қабылдап, журналистерге әлеуметтік саясаттың негізгі аспектілері туралы брифинг өткізді.
Сапар қорытындысында ол жергілікті атқарушы органдарға жұмыспен қамту және еңбек қауіпсіздігін күшейтуге қатысты ұсыныстар жасады.